Қазақстан үкіметі қайта жасақталды: қай министрлер қызметінде қалды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелері мен министрлерді тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Үкіметтің жаңа құрамы толық жасақталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Еске сала кетейік, Олжас Бектенов премьер-министр қызметінде қалды. Енді ол кіммен жұмыс істейтіні белгілі болды.
Бектеновтің орынбасарлары
Олжас Бектеновтің бірнеше орынбасары бар. Олар – Нұрлыбек Нәлібаев, Ғалымжан Қойшыбаев және Қанат Бозымбаев. Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін сақтап қалды.
Серік Жұманғарин мен Жаслан Мәдиев те премьер-министрдің орынбасары болып қалды. Олар өз министрліктерінде басшылық етуді жалғастырады. Жұманғарин Ұлттық экономика министрлігін, ал Мәдиев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін басқарады.
Жаңадан тағайындалған министрлер
Үкімет құрамы айтарлықтай өзгерген жоқ, алайда бірқатар министрлікте басшылар ауысты. Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Ол бұған дейін де бұл қызметті атқарған.
Сондай-ақ мәдениет және ақпарат министрі ауысты. Бұл қызметке бұған дейін президент көмекшісі болған Арман Қырықбаев келді. Еске сала кетейік, бұрынғы министр Аида Балаева Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болды.
Ерлан Нысанбаев Экология министрі қызметінен босатылды. Оның орнына Әлібек Қуантыров тағайындалды.
Төтенше жағдайлар министрі қызметінен Шыңғыс Әрінов кетті. Оның орнына Мұхтар Мұханов келді.
Қызметінде қалған министрлер
Үкіметтің қалған мүшелері өз лауазымдарында қалды. Мәселен Дәурен Қосанов қорғаныс министрі, ал Ержан Сәденов ішкі істер министрі болып қалды.
Мәди Такиев те қаржы министрі қызметін сақтап қалды. "ҚТЖ" экс-басшысы Нұрлан Сауранбаев көлік министрі болып қызметін жалғастыра береді.
Ерлан Сәрсембаев әділет министрі қызметіне қайта тағайындалды. Ерлан Ақкенженов энергетика министрі болып қалды.
Сондай-ақ Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін сақтап қалғанын жазған едік. Жұлдыз Сүлейменова да оқу-ағарту министрі ретінде жұмысын жалғастырады.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да өз қызметтерінде қалды. Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы министрі, Нұржан Нұржігітов су ресурстары министрі, ал Асқарбек Ертаев еңбек министрі болып қалды.
Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігінде Ербол Мырзабосынов басшылық етуді жалғастырса, Ғылым және жоғары білім министрлігі Саясат Нұрбектің жетекшілігінде қала береді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2422688-qazaqstan-ukimeti-qaita-zhasaqtaldy-qai-ministr-qyzmetinde-qaldy/
